21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы сала мамандарымен кездесіп, құттықтады. Мерекелік жиынға мәдениет саласының ардагерлері, клуб қызметкерлері, музей мамандары, өнер ұжымдарының жетекшілері, шығармашылық иелері мен өнерпаз жастар қатысты. Іс-шара барысында аудан басшысы, өнер саласын дамытуға қосып жүрген сала мамандарының ел руханиятын дамытудағы еңбектеріне ерекше тоқталды.

«Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдің болмысын айқындайтын асыл қазына. Халықтың өнері мен мәдениетін дамыту жолында еңбек етіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз қашанда зор құрметке лайық. Сіздер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына өнер мен руханиятқа деген сүйіспеншілікті сіңіріп келесіздер. Сіздер барда ұлтымыздың мәдениет мәйегі үзілмейді», – деп атап өтті.

Мерекелік қабылдау барысында ауданның мәдениет саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен қатар облыстық және республикалық байқауларда топ жарып жүрген талантты жастар мен түрлі үйірме қатысушыларына да құрмет көрсетілді. Бүгінде аудандық мәдениет үйі мен ауылдық клубтар жанында 838 адамды қамтитын 74 үйірме жұмыс істейді. Бұл – аудан мәдениетінің өркендеп, шығармашылық бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.