Өз ісіне шынайы берілген Берік Семетаев

53

Иә. Ол ұлтшыл емес, ұлтжанды азамат. Мерекелік іс-шара бола қалса шағаладай ақ боз үйін өзі құрып, өзі жинайды. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды өз қолымен өндіріп, темірден түйін түйеді. Аудандық, облыстық, қала берді республикалық деңгейдегі іс-шараларда осы азаматтың өз қолынан шыққан тірі туындылары төбе көрсетіп тұрады. Хан тағы, сауыт-сайман, ер-тұрман т.б ат әбзелдерінен бастап, ананың аялы алақаны тиетін ақ бесікке дейін өзі жасап, өзі еңбек етіп отырған ескі мәдениет ошағын ою мен өрнекке бөлеп отыр. Бұл Қордай аудандық мәдениет үйіне қарасты «Цемзауыт» ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі, ақын, қолөнер шебері — Берік Семетаев.
Ол адаммен әріптестік байланысым болғандықтан емес, ұлтын шынайы сүйетін, ұлттық өнер десе бар күшін сарқитын нағыз сала маманы болғандығы үшін құрметтеймін.
Берік Семетаев 1973 жылы 5 мамыр Түркістан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. 1988 жылы орта мектептің 8 жылдығын бітіріп, Түркістан каласының №29 Кәсіптік техникалық училищесінде «Ағаш ұстасы» мамандығында оқып 1991 жылы «Қызыл диплом» алып шығады.
1991-1993 жылы Украина республикасының Черновцы қаласында әскер қатарында. 1993-1995 ОҚО, Ордабасы ауданында механих-слесарь. 1995-2005 жылдарда әртүрлі жеке кәсіптік салада қызмет атқарды. «Журналисттік» білімі де бар.
2012 жылы Қордай аудандық мәдениет үйіне қарасты Степной ауылдық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы, 2012ж Қордай аудандық мәдениет үйіне қарасты Цемзауыт ауылдық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы, 2013 жылдан күні бүгінге дейін Цемзауыт ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болып жемісті еңбек етуде. «Қордай» халықтық театрының актері, Қырғыстан «Актал» әдеби шығармашылық бірлестігінің мүшесі.
«Актал» әдеби шығармашылық бірлестігінің «Алтын калем» иегері, «Игілік» Республикалық жанұялық баспасының «Қазақ Қоғамының Қайраткері», Әлем Халықтары Жазушылар Одағының «Құрмет иесі» медалдарының иегері. Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі.
Шығармалары «Игілік» Республикалық жанұялық баспасының «Ғасыр жыры» жинағына енген, өлеңдері қырғыз тіліне аударылып «Актал» шығармашылық бірлестігінің топтамасына шыққан. «Игілік» журналы, «Сөз Өнері» газеті республикалық басылымдар мен аудандық, облыстық газет, журналдарға шығып тұрады.
Алдағы келе жатқан «Мәдениет қызметкерлері» күні меркесі қарсаңында өзіңізді мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Елдар БОРАНБЕК,
Қордай аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары,
«AMANAT» партиясы «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.