Пара Азия ойындарының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

638

Бүгін Астанада Индонезияда өткен ІІІ Пара Азия ойындарының жүлдегерлерін құрметтеу рәсімі өтті.

Жакартадағы Пара Азия ойындарында еліміздің спортшылары жүлде санының рекордты көрсеткішіне қол жеткізді. Қазақстан қоржынында 6 пара спорт түрінен (пара жүзу, пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара волейболды отырып ойнау және шахмат) 33 медаль, оның ішінде 5 алтын, 15 күміс, 13 қола жүлде бар. Одан бөлек 4 спорт бойынша параспортшыларымыз алғаш рет жүлдеге ие болды. Сонымен қатар тұңғыш рет командалық ойында пара волейболшыларымыз қола медаль олжалады.

«Бүгінгі күн ерекше, өйткені еліміздің көк байрағын халықаралық деңгейде биік ұстап, табысты жеңістерімен қуантқан спортшыларымызға құрмет көрсетудеміз. Бұл тек спортшыларымыздың ғана емес,  бүкіл қазақ халқының жетістігі. Өздеріңіз білетіндей, елімізде спортқа көп мән берілуде, әсіресе бұқаралық спортқа. Елбасы биылғы жолдауында ауылдық жерлерде дене шынықтыру орталықтарын дамыту керек деген нақты тапсырма берді. Бұл мақсатта тиісті шаралар бүгіннен бастап қолға алынуда», -деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Биылғы Азия ойындары жеңімпаздарына берілген сыйақы сомасы 1 орын иеленген спортшыға — 10 мың долларды, 2 орынға — 5 мың долларды және 3 орынға — 3 мың долларды құрайды.

Салтанатты шара  жеңімпаз спортшыларды марапаттау мен мерекелік концертке ұласты.

Айта кетсек, ІІІ Пара Азия ойындары үстіміздегі жылдың 6-13 қазан аралығында Индонезияның Жакарта қаласында өтті. Спорт бәсекесіне әлемнің 43 елінен 3 мыңнан аса спортшы қатысты.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.