Кәсіпкерлікке кедергі емес, қолдау қажет

815

Апта басында облыстық мәслихаттың кезекті XXVII сессиясы өтіп, онда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаның аясында орта және шағын бизнестің жай-күйі туралы мәселе қаралды. Жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты.

Сессияда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов баяндама жасады.
– Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің және облыстық статистика департаментінің жедел мәліметтері бойынша, 2018 жылдың 1 қыркүйегіне облысымызда тіркеуге алынған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс атқарып отырғандарының жалпы саны 62 651 бірлікке жетіп, бұл жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 106,7 пайызды құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны бүгінгі күнге 120,0 мың адамнан асып, жыл басымен салыстырғанда 101,3 пайызға артқан. Биылғы қаңтар-наурыз аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 66,2 миллиард теңгенің өнімі (жұмыс, қызмет) өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 120,3 пайызды құрады, – деді баяндамашы. Одан әрі басқарма басшысы кәсіпкерлік құрылымдарын қаржылай қолдау жұмыстарына жан-жақты тоқталды.
– Шағын кәсіпкерлікті дамытудағы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектің бірі – оларға несие беру. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Жамбыл филиалының деректері бойынша екінші деңгейдегі банктер арқылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 2018 жылдың қаңтар-тамызы аралығында 19,5 миллиард теңге несие берілген. «KMF» микронесиелік ұйымының Тараз филиалы арқылы жыл басынан шағын кәсіпкерлікке жалпы сомасы 14,4 миллиард теңгені құрайтын 24 405 несие берілді. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қаржылай көмек көрсету мақсатында облысымызда құрылған ауылдық несиелік серіктестіктері тарапынан, биыл шаруа қожалықтарына 1,8 миллиард теңгенің несие қаражаты берілген.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 2080,0 миллион теңге қарастырылды. Бағдарламаның жүзеге аса бастаған уақытынан бері барлық қаржы құралдары арқылы жалпы сомасы 97,8 миллиард теңгені құрайтын 1 040 жоба жүзеге асырылуда. Ал, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» жаппай кәсіпкерлікті дамыту – 2-бағыты аясында биыл қалаларда шағын несиелендіру және несиені кепілдендіру үшін 1321,1 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда, осы қаражатты игеру мақсатында үшжақты келісімшарт жасалынып, жұмыстар жүргізілуде. Бөлінген қаржы аясында ағымдағы жылы 114,4 миллион теңгеге 12 жоба несиелендірілді және 18,8 миллион теңгеге 3 жобаның несиелері кепілдендірілді. Сонымен қатар, 59,8 миллион теңгеге 6 жоба несиелендіруге және 20,0 миллион теңгеге 4 жоба несиені кепілдендіруге екінші деңгейлі банктерден мақұлданды, – деді басқарма басшысы Арнұр Сағындықұлы.
Жиында осы мәселе бойынша депутат, облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс бөлімі және коммуналдық шаруашылықты дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының хатшысы Ерболат Саурықов сөз алып, түйінді түйткілдерді тілге тиек етті.
– Саланы дамытуда мемлекеттік қолдаулар болғанымен, оның нәтижелері әлі де болса жоғары деңгейде емес. Сауда орындарынан басқа жерде шағын кәсіпкерліктің жетекшілік ықпалы байқалмайды. Оның сферасында мыңдаған адам жұмыс жасауда. Сондықтан, шағын және орта бизнестің құрылуы мен дамуы бүгінгі күнге ауадай қажет. Арнайы зерттеулер барысында бұқара халық санасындағы қалыптасып қалған стереотиптер үстем болып отырғанын анықтадық. Мемлекет саясатының қағидаттары мен нұсқаулары бұрмаланып, жергілікті жерлерде еленбей жатады. Аудан, ауылдарда кәсіпкерлер жергілікті шенеуніктердің қысымын, белден басу әрекеттерін әлі күнге көріп келеді. Салдарынан ісін тоқтатуға мәжбүр болған азаматтар аз емес.
Бизнестегі проблемалар рейтингісінде сауалнамаға жауап берушілер қаржы ресурстарының жетіспеушілігін бірінші орынға қоюда. Пікір сұралғандардың 47 пайызы өз қаражатының жетіспеушілігі немесе несие алудың соншалықты қиын екендігін айтып отыр. Кәсіпкерлік ортада банктердің жергілікті бөлімшелерінде мемлекеттік органдарға қарағанда сыбайлас жемқорлық барынша кең етек алған деген де көзқарастар бар. Мемлекеттік қолдаудан саналы түрде бас тарту фактілерінің жиілеуіне де ерекше назар аудару қажет секілді, – деген Ерболат Байұзақұлы бұл кәсіпті алғаш қолға алу сәтінен бастап мемлекеттік бақылау органдарының үздіксіз тексеруге ұшырайтынымен байланысты болып отырғанын жеткізді.
Шу ауданынан сайланған депутат Никон Ким мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аудандағы инфрақұрылымды дамытуға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға қатысты пікірімен бөлісті. Сессияда Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаев аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлап, бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.
– Аудан көлемінде тұрғындардың сұранысын арттыруға байланысты несиеге мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі көбейтілсе нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға қабылданатын азаматтардың несие алып, ары қарай өз ісін ашып кетуі үшін іріктеу кезіндегі санға емес, сапаға көңіл бөлінсе құба-құп. Үшіншіден, несие алу арқылы өз ісін ашатын азаматтардың дені ауылдық жерде тұрғандықтан, кепілдікке қоятын жылжымайтын мүліктері төмен бағалануда. Осыған орай бағалауды елу пайыз емес, көрсеткішті 70 пайызға дейін көтерген жөн, – деді Асқар Санатұлы.
Бұдан әрі сөз облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берікке берілді. Жарыссөзге шыққан халық қалаулысы ауылдық жерлерді газдандыру бойынша орын алып жатқан олқылықтарды ортаға салды.
– Кәсіпкерлік саласы – еліміздің экономикалық негізі, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған тетігі, қозғаушы күші. Оны дамытуға қаншама миллиондаған қаражат бөлініп жатыр. Жұмыста ілгерілеушілік байқалады. Елбасы ел кәсіпкерлерімен кездесуінің бірінде «Кез келген кәсіпкер үшін қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын арттырудан басқа міндет болуы мүмкін емес», деген еді. Қазіргі кәсіпкерлеріміз Елбасының осы сөзін басшылыққа алып жүр ме?
Жамбыл ауданында 13 елді мекен бар. Газдандыру мәселесі бойынша бел ортасында жүрген бір жағдайды айтып өтейін. Оның 10 елді мекені аудан орталығы Асаның арғы бетінде, қалған екеуінің бірі Қызылтаң ауылы, екіншісі Қаратау учаскесі. Биылғы наурыз айында ауыл қариялары хабарласып, «Кәсіпкерлер келіп, газ тартамыз» деп жатыр деген соң жұмысты жинастырып, сонда бардым. Олардан газды қалай алып келетіндігін сұрасам, әкімнің рұқсат бергендігін айтады. «Әкімнің рұқсат қағазы бар ма?» десем, «ҚазТрансГаз»-ға сілтеді. Оның да рұқсат қағазы жоқ қолдарында. Артынша «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының резервті линиясынан аламыз, олармен келісіп қойдық» дейді. Бірақ, оның да қағазы жоқ. Газ желісін алу үшін оның маршруты болады емес пе? Қазір жердің барлығы жекеменшіктің иелігінде. Мәселені соңына дейін жеткізу мақсатында Құмтиын мен Қаракемер ауылдарының өкілдерін облыс әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына алып келдім. Сол жерде лауазымды басшылар бұл әрекеттің заңсыз екендігін түсіндіріп берді. Әңгіме осымен тәмам болды деп жүргенімізде мәселе тамыз айында тағы көтерілді.
Ауылға тағы да сондай азамат­тар барып, тұрғындарға 2-3 айдың көлемінде көгілдір отынның келетіндігіне сендірген. Бірақ әр түтіннен 500 мың теңгеден жинауды талап етіпті. Кейін тиісті жұмыстарды 350 мың теңге көлемінде атқаратын болыпты. Сонда бұның барлығы саудаға айналып кеткен бе? Бұл тек қана осы аталған ауылдарда ғана орын алса мұны алдарыңызда айтпайтын да едім. Бұл мәселе Байзақ, Қордай, Меркі аудандарында да бар. Өкініштісі, ең соңында әкім де емес, кәсіпкерлер де емес, ауылдың халқы ғана кінәлі болып шығады. Себебі, келісім берген кім, әрине, ауылдың халқы.
Кейбір кәсіпкерлер ауылда ықпалы бар азаматтарды жинап, «Осы мәселенің насихатын жүргізіңдер, сонда сендердің үйлеріңе газды тегін кіргізіп береміз» дейтін көрінеді. Осы мәселеге байланысты арнайы топ құрылып, жан-жақты зерделеуді сұраймын, – деді Масат Әшімұлы.
Ал, Сарысу ауданынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев қалада ешқандай салық төлемейтін, тіпті, рұқсаты жоқ киім цехтарының көп екенін және олардың қадағаланбайтынын айтып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың шынайы тіршілігіне қатысты дәлелді пікірін жеткізді.
– Мен еліміз тәуелсіздік алғалы бері бизнеспен айналысып келе жатырмын. Сол кезде табысы мол бола тұра үлкен мейрамхананы жауып, орнына балабақша аштым. Балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің аясында жұмысын бастады. Алайда, көптеген кедергілер мен кемшіліктерге жолықтым. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік екі жаққа да тиімді. Алайда, оны қалалық білім бөлімі қалай жүргізіп отыр? Мәселе сонда. Балабақша ашқан кезде қалалық білім бөлімі бізге қандай құжат керек екенін берген еді. Бір күні кірісіміз қосылған құн салығы бойынша салық төлеуші есебіне тіркелетін жағдайға жеттік. Ешкім кеңес берген жоқ. Салыққа кезекке тұрдық. Ал, құжатты қалалық білім бөлімі бізге дұрыс бермеген екен. Ақыры осы мәселе үшін қылмыстық іс қозғалды. Сол жерде балабақша жұмысы түгел тексерілді. Салыққа тіркелгеннен кейін 2 миллион теңге төлеуіміз керек. Бірақ, жаңадан ашылған нысан болғандықтан, әлі ешқандай пайдамыз да жоқ. Сол кезде «Время» газетінің бірінші бетіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылған балабақшалардың салықтан босатылатыны туралы мақала шықты. Осы газетті алып, білім бөліміне бардым, олар ондай өзгерісті білмейтінін айтты. Салық басқармасы да хабарсыз, «Төлеуге тиіссіздер» – деді. Өйткені, бағдарлама жаңа болғандықтан Кодексте жоқ. Бір сөзбен айтқанда, осы мәселемен әбден әуре болдық.
Сондықтан, қалалық білім бөлімі ең алдымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша қандай құжат керек, кәсіпкер нендей міндеттемелерден босатылады, соларды зерделеуі керек деп ойлаймын. Іс қозғалғаннан кейін өз кінәміздің жоқ екенін дәлелдеп шықтық. Бірақ, бұл кәсіпкердің қаншама уақытын алды. Осыдан кейін біреу мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде балабақша ашады ма? Ашпайды.
Екіншіден, тігін фабрикасын аштық. Елбасы айтып жүрген отандық өнімді шығарсақ деп мақсат қойдық. Қандай қиындықтарға жолығарымызды біле тұра, осындай қадамға бардық. Қазір қара­саңыз, қалада «бәрі 2000 теңге» деген жарнамасы бар дүкендер көп. 2000 мың теңгелік дүкенге арнайы кіріп көргенімде, барлығында әйелдердің көйлегі сатылады екен. Барлығында «Шетелде тігілген» деген этикеткасы бар. Ал, олар елге қалай келді? Қырғызстан, Қытайдан келді. Олардың сертификатын сұрап жатқан ешкім жоқ. Қазір бізде аллергия көп. Себебі, киімдердің басым көпшілігі сапасыз маталардан тігілген. Бірақ, өнімге Франция, Италияда шығарылған деп жазып қойған. Ал, 1 метр матаның құны – 2 500 теңге. Оны тігу жұмыстарына, энергия, коммуналдық қызметтерге ақыны қалай төлеп отыр?
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дардың салық төлеу мәселесі жиі айтылады. Біреулер мұны дұрыс түсінбейді. Бұл осындағы кәсіпкерлік нысандары. Мен тігін фабрикасын ашқанға дейін Таразда соншама жабық тігін фабрикаларының көптігін білген жоқпын. Олардың барлығы шетелдік киімдердің көшірмесін тігіп, алдап сатады. Салық төлемейді, декларациясы, кедендік сертификаты жоқ, бірақ тігіп жатыр. Мұндайлар өте көп. Осыны неге облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармасы қадағаламайды?
Содан кейін бізде «құл базар» деген бар. Онда «10 мың теңге беремін, кешке дейін жұмыс жасайсың» десеңіз біреуі де бармайды. Ең аз дегенде 15 мың теңге сұрайды. Себебі, сондай ақша тауып тұр олар. Міне, өзін-өзі жұмыспен қамтыған деген осы. Таксистер де өріп жүр қалада. Көліктері таза емес, біреуінің қолында рұқсаты жоқ, салыққа тіркелмеген. Егер осындай олқылықтар орын алып жатса, біз қайдан салық жинаймыз, өркендейміз, бәсекеге қабілетті боламыз? Бізде тек тойхана мен мейрамхана ғана бар. Қазір Жамбылда мейрамханалар мыңнан асты. Оның 120-сы ірі тойханалар. Бұлар құрылысты саларда әкімдікке келеді, рұқсат алады. Неге оларға сол жерде дұрыс бағыт бермейді. Мысалы, мейрамхана салу үшін кемінде
1,5 миллион АҚШ доллары қажет. Ол ақшаға кез келген бизнес көзін, мысалы мал бордақылау алаңдарын ашуға болады. Осы мәселелер ескерілсе екен, – деді халық қалаулысы.
Сессия отырысында осы және өзге де мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.