Тараз түрленіп келеді

1 015

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес бүгінде Тараз қаласында жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Әсіресе, көне шаһардағы саябақтар, скверлер мен аллеялардың ажары ашылып, алыстан көз тартарлықтай кейіпке ене бастағанын айрықша айту керек. Мәселен, 33 жыл бұрын ашылған «Жеңіс» саябағы адам танымастай өзгеріп шыға келді. Қазір мұнда келушілердің қарасы қалың. Жергілікті жұртшылық пен қонақтар «Ерлік» мемориалдық кешенімен етене танысып, қазақстандық патриотизм рухымен тыныстайды. Сонымен қатар, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта да құрылыс жұмыстары әне-міне аяқталуға жақын. Әрине, бұл ауқымды жұмыстардың басы ғана. Қазіргі таңда жарқын жобалардың жалғасы ретінде өзге демалыс орындарында да жаңғырту басталып кетті.

«Желтоқсан» сквері жаңаша кейіпке енеді

Көне шаһардағы «Желтоқсан» скверінен адам аяғы үзілген емес. Қазыбек би көшесінен Төле би даңғылына түсетін жаяу жүргіншілер жолы да аталмыш аумақ арқылы өтеді. Облыстық ардагерлер кеңесі, ішкі істер департаменті мен «Astana Cinema» кинотеатры да осы маңда орналасқан. Сондықтан, мұнда келіп-кетушілердің қатары еш саябырсымайды. Осыны ескерген аймақ басшылығы бұл орынды да түрлендіруді қолға алып отыр.
Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар ерте көктемнен басталып, сәуір айында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған ел ағалары аталған скверге 100-ге жуық тал-дарақ отырғызған болатын. Бүгінде көрші Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан арнайы әкелінген павловния ағашы жайқалып өсіп тұр. Жоба бойынша онда жаңа субұрқақтары орналасады. Сондай-ақ, Қазақстан тәуелсіздігінің негізгі белгілеріне айналып кеткен «Самұрық», «Барыс» және «Пырақ» бейнелері сомдалған мүсіндер бой көтермек. Өз кезегінде жерге көксайлық ақ гранит тастары төселетін болады. Қалалық әкімдік қызметкерлерінің сөзіне сенер болсақ, «Желтоқсан» скверіне жаңғырту жұмыстары желтоқсан айына дейін жалғаспақ. Ал, бұл шаруаны «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі өз мойнына алған.

«Атшабар» ажарлана түсуде

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге тағзым» жобасы аясында жер-жерде түрлі шаралар қолға алынуда. Осы жоба аясында «Атшабар» сквері қайта жаңғыртылуда. Нәтижесінде, сквердің сәні мен сәулеті арта түспек.
Демалыс орнының бұған дейінгі көрінісі баршаға жақсы таныс болатын. Су бұрқақтардың, тас төсемелер мен орындықтардың, тіпті, қоқыс жәшіктерінің әбден тозығы жеткенін жұртшылық жақсы біледі. «Махаббат» аллеясындағы қос ғашықтың ескерткіші қаулап өскен шөптен көрінбей, арықтар сұрықсыз күйге енген. Бүгінде бұл орын құрылыс алаңына айналып, қызу жұмыстар жүргізілуде. Қолға алынған ілкімді істің арқасында 2 шақырымға жуық аумақ түбегейлі өзгеріп сала берді. Жолдар жаңартылып, тас төсемелер мен орындықтардың барлығы ауыстырылмақ. Ал, сквердің баурайы текемет тектес көрініспен көмкеріледі. Сәндік ақ және қызыл тастармен ою ойылып, арасына гүлдер отырғызылмақ.
Жалпы, ондағы жұмыстарды «Арайстрой­маркет-2003» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда серіктестік сквердегі махаббат символына айналып кеткен Болат пен Айнұрдың ескерткіші маңын қайта жаңалап, құйматастар төсеген. Сондай-ақ, одан бергі алаңды тегістеп, асфальттаған. Серіктестік енді арка салу жұмыстарына дайындықтарын бастап кеткен. Бұл аумақтың кіреберісі мен шығысына алдағы уақытта қақпа орнатылады. Бірнеше шатыр тігіліп, өзге де өзгерістер орын алмақ.

Көше бойына көз тояды

Облыс орталығындағы кейбір бос жатқан жерлер тиімді пайдаланылмағандықтан қураған ағаштар мен қоқыстарға толып кеткен еді. Сондай орындардың бірі Ниетқалиев және Рысбек батыр көшесінің қиылысындағы аумақ болатын. Бүгінде ол маңға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі жұмысты қолға алған «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі мұндағы
2 700 шаршы метрге құйматас, 10 шаршы метрге шым төсеген. Сонымен қатар, 31 дана жарықшамдар мен 69 дана орындықтар орнатылуда. Жалпы, сквердің ұзындығы 600 метр, ені 30 метр болатын аумағы түгелдей абаттандырылып, гүлдер отырғызылмақ. Жұмысқа мекемеден 20 адам тартылған. Сала мамандарының сөзінше, ондағы құрылыс жұмыстары осы айда аяқталмақ. Бір айта кетерлігі, бұл жұмыстарды мекеме демеушілік көмек ретінде өз қаражатына жүргізуде.
– Бұрындары ол маң бос жатқандықтан қоқысқа толып кеткен болатын. Облыс басшысының бастамасымен бұл аумақ кішігірім саябаққа айналып шыға келді. Осыған дейін жаңғырту жұмыстары жүргізліп жатқан «Жеңіс» және Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтардан алынған құйматастарды ұқыпты әрі мұқият жинақтап алғанбыз. Соларды енді осы скверге пайдаланудамыз, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің өндірістік сұрақтар жөніндегі орынбасары Нұрғалым Райымбеков.
Міне, осылайша Тараз қаласы тотыдай тарана түсуде. Көшелерді көріктендіру, аулаларды абаттандырудан бөлек, саябақтардың сәнін кіргізу бағытында да нәтижелі жұмыстар жетерлік. Алдағы мақсаттар одан да ауқымды. Ең бастысы, еселі еңбектің барлығы да ел-жұрттың игілігіне бағытталып жатқанын түсінсек болғаны.

Leave A Reply

Your email address will not be published.