Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

1 170

Санаулы күндерден кейін білім ошақтарында «Алғашқы қоңырау» соғылып, жаңа оқу жылы басталады. Ала жаздай тыныққан балдырғандар алтын ұяларымен қайта қауышады. Бұл шын мәнінде жүрек толқытатын сәт. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршіндердің қуанышы тіптен бөлек. Бұл тұрғыда балаларының болашағына бейжай қарамайтын ата-аналардың сезімін сөзбен жеткізу қиын. Ал, ұлағатты ұстаздар қауымы Ұлы дала елінің ұландарын тәрбиелеу жолында ұшан-теңіз іс атқаратын болады.
Жалпы, кезекті оқу жылында қандай өзгерістер күтіп тұр? Оқу процесіне нендей жаңалықтар енгізілмек? Міне, біз бүгін осы сұрақтарға жауап іздеуге тырысып көрген едік.

Электронды кезек – елге ыңғайлы

Айта кету керек, күні бүгінге дейін оқушылар тұрғылықты жеріндегі мектептен ғана білім алуға тиіс еді. Биылдан бастап баласын қай мектепке оқытамын десе де ата-ананың өз еркінде. Сонымен қатар, бүлдіршіндерді балабақша кезегіне қою мен жолдама алу ісі де автоматтандырылған жүйеге көшуде. Мектепке дейінгі тәрбие мекемесін де ата-ана үйінде отырып-ақ таңдап, электронды түрде кезекке тұра алады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсеткен болатын. Ал, биік мақсаттарға қол жеткізу үшін сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, жас толқынның қарым-қабілетін заманауи біліммен ұштаудың берері мол. Автоматтандырылған жүйеге көшудің де тиімділігі осындай маңызды міндеттермен ұштасып жатыр. Жасыратыны жоқ, бұрын ата-аналар баласын мақтаулы мектептерге оқытып, мемлекеттік балабақшаға беру үшін талай табалдырықты тоздырып, тамыр-таныс жағалайтын. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, енді мұндай әурешілік болмайды.
– Биылдан бастап балабақша кезегіне тұру мен жолдама беруді және бүлдіршіндерді 1-сыныпқа қабылдау ісінің автоматтандырылған түрін енгізіп жатырмыз. Жаңа жүйе алдағы 1 қыркүйектен бастап іске кіріседі. Бұл ең біріншіден сыбайластықтың алдын алуды көздейді. Кез келген ата-ана балабақшаны, мектепті ешқайда бармай, үйде отырып-ақ өзі таңдайды. Оқыту, тәрбиелеу мекемелері туралы барлық ақпараттар сол автоматтандырылған жүйеге орналастырылады. Яғни, осы жүйеден мектеп сыныптарының оқу үлгерімін, сабақ беру әдісінің сапасын көріп отыруға мүмкіндік туады. Мектептер мен балабақшалардың жұмыс сапасы да анық көрінеді. Енді «баламды балабақшаға кіргізіп берші, мынандай мектепте оқытуға көмектесіңізші» дегендей жеке тұлғаларға жүгіну түбірімен жойылады. Бұл жүйе биыл тек Тараз қаласында қолданылмақ. Келесі жылы Қаратау, Жаңатас, Шу қалалары мен Қордай ауданына енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Рахия Сейтбекқызы.
Жаңа жүйенің енгізілуіне байланысты баланы мектепке қабылдату үшін енді тұрғылықты орнынан мекенжай анықтамасы сұралмайтын болды. Яғни, тек орналасқан жеріңіздегі мектепке ғана барудың қажеті жоқ. Дейтұрғанмен, көкейде «Сабақ беру сапасы жоғары мектептерге сұраныс артып, оқушы сыймай, өзге білім ошақтарында бос орын көбеймей ме?» деген сұрақ туады. Бұған облысымыздың бас мұғалімі «Ондай озық мектеп-гимназиялардың 1-сыныбына оқушы қабылдау тест сынақтары арқылы жүргізіледі» деп жауап берді.
Тағы бір айта кетерлігі, бұрын ағымдағы оқу жылының қыркүйегінен кейін 6 жасқа толатын балалар 1-сыныпқа қабылданбайтын еді. Енді бұл шектеу алынып тасталды. Осы жылы 6 жасқа толатын бүлдіршіннің талабы мен талпынысына ешқандай тосқауыл жоқ.

Цифрлық технологияның жемісі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаң1а мүмкіндіктері» атты Жолдауында «ІТ және инженирингтік қызмет көр­се­туді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Білім беру жүйесін, ком­му­никация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейім­деу қажет» деп, өскелең ұр­пақты технологиялық біліммен қанат­тандыруға басымдық бергені бел­гілі. Тың тапсырманың тез арада орын­дала бастағанын биылғы оқу гранттарынан да байқадық. Бұл жылы техникалық бағыттағы мамандықты таңдаған талапкерлердің дені мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Енді жасөспірімдерге техника тілін ерте жастан үйрету қолға алынып, мектептерде ІТ сыныптары ашылуда. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, жаңа оқу жылында өңіріміздегі 10 ауданның бәрінде бір-бір ІТ сыныптары өз жұмысын бастайды.
– «Нұр Отан» партиясының баста­ма­сымен биыл 12 ІТ сыныбын ашу жос­пар­ланды. Оның екеуі Тараз қаласында №30 мектеп-гимназиясының базасы мен мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта орналастырылады. Қалғаны аудандарда іске қосылады. Ол сынып­тар­да балалар веб-бағдарлама, веб-портал жасауды үйреніп, ІТ мамандықтың алғашқы базаларын меңгере бастайды, -дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.
Тағы бір үлкен жаңалық – облыс орталығында 175 балаға арналған ІТ мектеп-интернаты қыркүйек айында білімге құштар балаларға есігін айқара ашпақшы.
Әрине, бұл тың бастамалардың жұмысы компьютерлер мен ғаламтор желісіне тәуелді. Облыс мектептерінің компьютерлендірілуі мен ғаламтор желісіне қосылу деңгейі қандай? Сауалымызға жауап берген облыстың бас мұғалімі Рахия Сейтбекқызы бұл тұрғыда жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
– Облысымыздың 450 мектебі түгелімен кеңжолақты ғаламторға қосылған. Алайда, олардың жыл­дам­дықтары әртүрлі. Сондықтан, қазір мектеп ғаламторының жылдамдығын секундына 4 Мбитке арттыру жұмыс­тары жүргізілуде. Бұны жаңа оқу жылын­да 93 пайызға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Қалған 7 пайызы таулы аймақтардағы техникалық мүмкіндіктері жоқ мекендерге тие­сі­лі. Баса айтқым келетіні, биыл бар­лық мектептерімізді wi-fi сымсыз желісі­мен жарақтандырудамыз. Ал, компью­тер­лен­діру­ге келсек, бүгінде мұғалімдердің 21 пайызы ғана аталмыш құрылғымен қамтылған. Мұны 100 пайызға жеткізу – басты талап, бірақ, бұл қаржыға келіп тіреледі. Осы оқу жылында 2 мыңнан аса компьютер алынып, жаңа мотивикациялық кабинеттер ашылады. Соның есебінен мұғалімдерді компьютермен жабдық­тау 45 пайызға өседі деп күтілуде. Қалғаны кезең-кезеңімен шешіледі. Сондай-ақ, тозығы жеткен компью­тер­лік парктерді жаңарту да жүзеге асырылады. Бұған 504 миллион теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, мектептерде робототехника кабинеттерін жабдықтау жұмыстары да атқарылуда. Өткен жылы мектептердің
7 пайызында роботоконструктор болса, қазір 30 пайызын қамтығалы отырмыз. Оған 350 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінуде. Бұл кабинеттер алдағы Білім күніне дейін ашылатын болады, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да білім саласында байыпты бастамалар қолға алынып, лайықты тірліктер жүзеге асуда екен.
Мысалы, өткен жылы облыстағы 450 мектептің 150-і «Күнделік» жүйесіне қосылса, олардың қатары биыл 436-ға жетіпті. Мұндағы мақсат – мұғалімдердің қағазбастылығын төмендетіп, сабақты жоспарлау жұмыстарын электронды жүйеде іске асыру. Бұл процесті кез келген ата-ана өз үйінде отырып, бақылай алады. Ол жерде оқушыларға берілген үй тапсырмалары мен оларға қойылған бағалар жазылады.
Сондай-ақ, мектептердің электронды ресурсқа қосылғаны да көңіл қуантады. Сол арқылы педагогтар озық үлгідегі сабақтардың әдіс-тәсілдерімен танысып, бір-бірімен тәжірибе алмаса алады. Өз сабақтарын оқушыларға ұтымды жеткізуге қажетті бейнекөрнекіліктерді осы жерден табуға мүмкіндік мол. Бұл әдіс сабақтың сапасын арттыруға оң септігін тигізбек.

Тоғыз мектеп пайдалануға беріледі

Баршаға белгілі, елімізде апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептердің мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл тұрғыда біздің облыста нақты нәтижелердің бар екенін аңғару қиын емес. Оған жаңа нысандардың құрылысын жүргізу арқылы қол жеткізілуде.
– Осы оқу жылында жаңадан тұрғызылған 9 мектеп пайдалануға беріледі. Оның үшеуі апатты, үшеуі үш ауысымды мектептер. Бүгінгі таңда облыста үш ауысымдағы 4 мектеп бар болса, соның үшеуінің мәселесі міне, биыл оң шешімін тапты. Қалған біреуі алдағы жылдың еншісінде. Ал, апатты жағдайдағы 7 мектебіміздің де үшеуі биыл жаңадан салынды, біреу келесі жылы бой көтереді. Қалған нысандар кезең-кезеңімен ел игілігіне беріледі, – дейді Рахия Сейтбекқызы.
Міне, биылғы оқу жылы осындай жағымды жаңалықтармен басталмақ. Мемлекет бұл тұрғыда қаражат аяп жатқан жоқ. Өйткені, ілім-білімсіз ілгері баспайтынымыз белгілі. Әлем­дегі дамыған елдердің қатарынан көрі­ну үшін сананың ашықтығы мен сауат­ты­лықтың салтанат құруы маңызды. Ендеше, биік мақсатты көздеген бүгінгі буынға сәттілік серік болсын деп тілейік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.