Түрмеге «көмек» жеткізушілер азаймай тұр

223

Жамбыл облысында түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды кіргізбекші болғандардың қатары сиремей тұр. Жуырда облыс бойынша ҚАЖ департаменті ЖД-158/2 мекемесінде дәл осындай факт тіркелді.

Оқиға кешкі сағат 21:25 шамасында орын алған. ЖД-158/2 мекемесінің қызметкерлері №4 аумақ маңынан күдікті азаматтарды жүргенін байқаған. Мән-жайды анықтауға аттанған мекеменің патрульдік тобы мен жедел әрекет ету арнайы бөлімінің қызметкерлері мекеме аумағына тыйым салынған зат лақыту мақсатымен келген азаматтарды қолға түсірді. Топ жеткенше күдіктілер өз әрекетін жүзеге асырып үлгерген.

Осыған орай, мекеменің лақтыру фактісі орын алған аумаққа офицерлердің кезекші тобы мен бақылаушылардың әскери наряды жөнелтіліп, қоршауға алынған. Нәтижесінде 2 дана түйіншек табылған.

Азаматтар қолға түсіру кезінде алкогольдік мастық жағдайында болған. Қызметкерлерге қарсылық көрсеткен олар аты-жөндерін айтудан бас тартқан. Алайда, жедел ақпарат бойынша біреуінің дерегі анықталып, бұрын дәл осындай әрекет кезінде ұсталған 1991 жылғы Тараз қаласының тұрғыны екені белгілі болды.

Аталған жағдайларға байланысты Тараз қаласы ПБ кезекші жедел-тергеу тобы шақыртылып, екінші азаматтың аты-жөні анықталды. Ол 1995 жылы туған Тараз қаласының тұрғыны болып шықты.

Тексеру барысында бірінші түйіншектен 2 SIM карталы телефон, флеш карта, ұялы телефонға арналған 2 аккумулятор және 40 дана ақ түсті таблетка шықты. Екінші түйіншектен 1 дана Nokia телефоны, 1 дана құлаққап және 3 SIM карта табылған. Мамандардың шығарған нәтижесі бойынша таблеткалар «Трамадол» дәрілік заты екені анықталды.

Табылған заттарды Тараз қаласы ПБ кезекші жедел-тергеу тобы тәркіледі.

Оқиғаға байланысты деректер сотқа жолданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.