Сотталғандарды жұмыспен қамту жалғасуда

248

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/5 мекемесінде жазасын өтеп жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс көздерін ашу мақсатында жеке кәсіпкерлермен кездесу өтті. Мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Айгүл Танашеваның ұйымдастыруымен өткен басқосуға «Күлпаш», «Меридин», «Жібек» және «Қазақстан Туризм» жеке кәсіпкерліктерінің өкілдері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – кәсіпкерлерді түзеу мекемесі аумағында жеке кәсібін ашуға шақырып, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту.

Қазіргі таңда ЖД-158/5 мекемесінде 99 сотталған азамат жұмыспен қамтылған. Жиын барысында Айгүл Слямгазықызы сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру, жазасын өтеушілердің жұмыспен қамтылуы мен жеке кәсіпкерлердің қызмет ету бағыттары туралы тарқатып айтты.

– Еңбек – бас бостандығынан айырылғандарды тәрбиелеудің, қоғамға әлеуметтік бейімделуіне ықпал ететін маңызды әдіс. Сондықтан, жеке кәсіпкерлерді осы мекемеге шақырып отырмыз. Ондағы мақсатымыз — кәсіпкерлердің өндірістік аймағындағы ғимараттарды көріп, өз жобаларын жүзеге асыруға көмектесу. Жазасын өтеушілер үшін де жұмыспен қамтылу өте маңызды. Білікті жұмыс күші де осы жерден табылады. Бұл ұсыныс әсіресе, ісін жаңа бастаймын деген кәсіпкерлерге тиімді, – деді мекеме бастығының орынбасары.

Кездесу барысында жазасын өтеушілер мен кәсіпкерлер өзара пікір алмасып, қызықтырған сауалдарына жауап алды. Басқосу соңында кәсіпкерлерге ҚАЖ мекемелерінде кәсіпкерлік субьектілермен өндіріс орындарын ашу бойынша қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қали Әлихан,
ЖД-158/5 мекемесінің сотталғандарды еңбекпен ұйымдастыру тобының инспекторы әділет лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.