Ардақты аналардың үйінде

337

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі күні қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова сол қысылтаяң шақта ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Қаракемерлік майдангерлердің үйіне арнайы барып, аудан әкімінің құттықтау хаты мен мерекелік сыйқалтасын салтанатты жағдайда табыс етті. Оларға бізде ілескенбіз.
Жолда Үміткен Қапанқызы:
– Әр отбасыға тізесін батырған сол зұлматты жылдарды кім есінен шығарсын. «Уақыт – емші» деп жатамыз, бірақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толса да, санамыздан алыстаған емес. Қалай алыстасын. Отбасын отағасынан, ауылды данасынан, ата-ананы баласынан айырған сұрапыл соғыстың жарасы мәңгілік жадымызда қала бермек. Тағы бір көңілге салмақ артатын жайт, жыл өткен сайын соғыс ардагерлері де келместің кемесіне мініп, арамыздан азайып бара жатыр, – деген.
Бардық. Бақи өмірге аттанған Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрсынбаев Датай, Тілекеев Иса, Берікбаев Құлынбай аталардың шаңырағында болып, олардың өмірсерігі Тұрсынбаева Ұлбосын, Есбергенова Асил, Берікбаева Алтынай есімді ақ жаулықты аналарды айтулы мерекемен құттыған Үміткен Қапанқызы ардақтылардың иығына ақ орамал жауып, сый-құрмет көрсетті. Өз кезегінде көнекөз қариялар елеп-ескеріп келген аудан әкімінің орынбасарына аналық алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Бұдан кейін көңілге көктем сыйлаған жандар Ерназар ауылына ат басын бұрып, Ұлы Отан соғысының ардагері Оспанбеков Жиынды атаның серігі Ұлбосын апа Агигаеваға алқызыл раушан гүлдерін ұсынып, сыйлықтарын табыс етті. Аудан әкімінің орынбасарымен аталмыш округ әкімдері де бірге жүрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.