2019 жылы Еуразия үшін қатерлер: ядролық апат, сауда соғысы, киберқауіп, конфессияаралық шиеленістер

410

Елордадағы «Назарбаев» орталығында «Астана клубының» төртінші отырысы өтіп жатыр. Шара аясындағы арнайы сессия барысында «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптер рейтингі» атты халықаралық зерттеу нәтижесі көпшілік назарына ұсынылмақ.

Айта кетерлігі, зерттеу жұмысына әлемнің ең үздік 30-дан астам сарапшысы мен саясаткері қатысқан. Олардың пікіріне мемлекет басшылары, халықаралық институттар мен ірі БАҚ өкілдерінің құлақ асатындығын атап өткен жөн. Сонымен қатар зерттеу барысында 60 мемлекеттен мыңнан астам кәсіби респондент арасында сауалнама жүргізілген.

Сарапшылардың болжамына сәйкес өңір үшін төніп тұрған басты жаһандық қатерлер мыналар: Қытай мен АҚШ текетіресінің  шиеленісуі; кең ауқымды сауда соғысы; Таяу Шығыстағы үлкен соғыс; Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың одан ары нашарлауы; Еуразиядағы «шиеленіс ошақтарының» қайта жандануы; жікшілдік, этнос пен конфессияаралық шиеленістердің ушығуы; экологияға және су ресурстарына төнген қауіптердің ушығуы; кинберқауіптердің дамып, күшеюі; жаппай қарулануды жаңа кейпі; ірі ядролық және техногендік апаттар қаупі.

Айта кетерлігі, «Астана клубы» әлемге танымал сарапшылары, саясаткерлер мен дипломаттардың басын қосып, саяси форум үлгісінде өтетін беделді халықаралық алаң саналады. Биылғы отырысқа әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикер келген.  Олардың қатарында Аустрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Ресей, АҚШ, Швеция, Жапония елдерінің өкілдері бар.   Қатысушылардың басты назары дағдарыс пен тұрақсыздық кезеңінде Еуразияға төніп тұрған қауіптерді талқылауда болмақ.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.